«Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шара

Кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында, ағымдағы жылдың 1-15 тамыз айының аралығында Ақтөбе облысының аумағында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Аталған іс-шараға мемлекеттік еңбек инспекторлары Ақтөбе облысының ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметкерлерімен бірігіп еңбек заңнамасының бірқатар заң бұзушылықтарын анықтады.
Мысалға, Ақтөбе қаласы, Қонаева, 27 көшесінде орналасқан «Атагер» көлік жуу тұрағында аз. И (2000ж.т.) деген жасөспірім еңбек шартынсыз көлік жуушы ретінде жұмысқа алынған.
Ақтөбе қаласы, Қарасай батыр, 48 көшесінде орналасқан «ТАН» сервистік техникалық қызмет көрсету орталығында аз.Ж. (2001ж.т.) әр түрлі қызмет атқарушы ретінде еңбек шартын жасамай жұмыс жасап жүрген жерінен ұсталды.
Сондай фактілер, Алтынсарина, 9 көшесінде орналасқан «Тайқазан» қоғамдық тағамтану мекемесінде аз.А (2000ж.т.), «Бухара» кафесінде азаматшалар А. мен Б. (2000ж.т.) даяшылар ретінде еңбек шартынсыз жұмыс жасап жүрген жерінен анықталды.
Жоғарыда айтылған көлік жуу тұрағының қоғамдық тағамтану мекемесінің, сервистік техникалық қызмет көрсету орталығының иелері төмендегідей ҚР еңбек заңнамасының талаптарын бұзған:
Яғни ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға, сондай-ақ жұмыс берушінің мүлкі мен басқа да құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етпегені үшін жұмыскердің толық материалдық жауаптылығы көзделетін лауазымдар мен жұмыстарға, сондай-ақ орындалуы олардың денсаулығы мен имандылық тұрғысынан дамуына зиян келтіруі мүмкін жұмыстарға (ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық орындарындағы жұмыс, алкоголь өнімдерін, темекі бұйымдарын, есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өндіру, тасымалдау мен сату) он сегіз жасқа толмаған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол берілмейді.
Он алты жасқа толған азаматтармен еңбек шартын жасасуға жол беріледі.
Еңбек шарты:
1) орта білім беру ұйымында негізгі орта, жалпы орта білім алған жағдайларда, он бес жасқа толған азаматтармен;
2) оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін он төрт жасқа толған оқушылармен;
3) кинематография ұйымдарында, театрларда, театр және концерт ұйымдарында, цирктерде денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмей, шығармалар жасауға және (немесе) орындауға қатысу үшін он төрт жасқа толмаған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін.
Жоғарыдағы көрсетілген 3 тармақта айқындалған жағдайларда еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның ата-анасының біреуі, қорғаншысы, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс.