Өндірістік бағдарлама мен  ұжымдық келісім-шарттың 2018 жылы орындалуы туралы есеп беру кездесуі өтті.

Сәрсенбі, 13 ақпан күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да өндірістік бағдарлама мен  ұжымдық келісім-шарттың 2018 жылы орындалуы туралы есеп беру кездесуі өтті.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі, мемлекеттік органдардың басшылары, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ қызметкерлері және жергілікті БАҚ журналистері қатысты.
Есепті кездесуге төрағалық еткен аймақ басшысы  соңғы жылдары Ақтөбе облысы экономикасының дамуына және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатының  артуына қомақты үлес қосып келе жатқан акционерлік қоғамның жұмысына қатысты өз пікірін айтып өтті. - «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ 67% мұнай және 88% газ өндіру үлесі бар өңірдегі негізгі ірі жүйе құраушы кәсіпорын болып табылады.  Акционерлік қоғамда және оның құрылымдық бөлімшелерінде 6245 қызметкер еңбек етеді және олардың қызметі облыстың 3 ауданында жүзеге асырылады. Сондықтан бүгін біз 2018 жылға арналған өндірістік бағдарламаны және ұжымдық шартты іске асыру туралы есеп беру кездесуін өткізіп жатырмыз, - деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.
Жиын барысында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Бас директоры Вэй Юйсяннің есебі тыңдалып, аймақ басшысы оған бірқатар тапсырмалар берді.  Сонымен қатар, Кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы кәсіподақ комитетінің төрағасы Ж.Күзембаев баяндама жасап, акционерлік қоғам тарапынан жасалған жұмыстарға оң бағасын берді.
Есепті кездесу соңында еңбек қарым-қатынастарын реттеу, жұмысшыларға әлеуметтік кепілдіктер беру мәселелерінде өңірлік деңгейде одан әрі келісілген іс-әрекеттер мен өзара түсінушілік жұмыстарын арттыру үшін облыс әкімдігі, акционерлік қоғам және кәсіподақтардың аумақтық бірлестігі арасындағы үшжақты меморандумға қол қойылды.